Атырауда велоспортты дамытуға көңіл бөлінуде

АTPress.kz. 5 сәуір. Атырау облысында дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен велоспортты дамытуға үлкен көңіл бөлінбек.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Азамат Бекеттің айтуынша, Атырауда велоспортты дамытудың болашағы зор. 

- Бұл спорт түрі Атырауда қайтадан жандандыруды қажет етіп отыр. Ол үшін велоспорт бөлімшесін ашып, өзінің спортшыларын тарту мақсатында көктем, күз айларында веложарыстар ұйымдастыру жоспарымызда бар. Сөйтіп, бұл спорт түрін бұқаралықтан кәсібилікке көшіру қажет. Біздің Александр Винокуров секілді үлгі тұтар тұлғаларымыз бар. Демек, велоспорттың болашағы зор, - деді басқарма басшысы. 

Кездесу барысында А.Бекет Атырау облысында спортпен айналысушылардың саны жылдан-жылға артып келетіндігін мәлімдеді. Қазіргі таңда Атырауда салауатты өмір салтын ұстанатындар жалпы облыс халқының 25,9 пайызын, яғни 155 мың 115 адамды, құрап отыр. Мектеп жасындағы он үш мыңға жуық жасөспірім бокс, баскетбол, футбол, хоккей, су спорты секілді спорт түрлерінен түрлі үйірмелерге қатысады. 

 

Мереке Асанова