Атырауда мүмкіндігі шектеулі жандар арасында республикалық спартакиада басталды

ATPress.kz. 14 қыркүйек. Атырауда тірек-қимыл аппараты зақымданған және көру қабілеті төмен спортшылар арасында республикалық V спартакиада басталды. Дүбірлі дода 24 қыркүйекке дейін жалғасын табады.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев мәлімдеді. Сондай-ақ, жиынға ҚР Мәдениет және спорт министрлігі спорт және дене шынықтыру істері комитеті мен Ұлттық паралимпиялық комитетінің өкілдері қатысты.

Жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен бір мыңнан астам спортшы келген. Олар спорттың 11 түрі, яғни пауэрлифтинг, волейбол, үстел теннисі, шахмат, паратаэквондо, парадзюдо, суда жүзу, оқ ату және жеңіл атлетика бойынша бақтарын сынайды. Жалпы, спартакиадаға 16 команда сақадай сай дайындалып келген. Атырау қаласындағы 8 спорт кешенінде өтетін байрақты бәсекеге халықаралық төрешілер де арнайы шақырылыпты. 

Айта кетейк, мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы V Республикалық Спартакиаданың ресми ашылу салтанаты 15 қыркүйек күні, сағат 15:00-де Мұз айдыны сарайында өтеді.

 

Айдос Қарабала