Атырауда ерекше форматтағы диалог алаңы ұйымдастырылды

Атырау қаласында мүгедектігі бар жастарға арналған «ЕРЕКШЕ TALKS» атты инклюзивті диалог алаңы ұйымдастырылды. Бұл – «Ұшқын» әлеуметтік жобасы аясындағы алғашқы кездесу, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Игі бастаманың тапсырыс берушісі – Атырау облыстық Ішкі саясат басқармасы, қолдаушысы – Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы. Ал ұйымдастыру жұмыстарын “Ерекше ана – Ерекшем 16+” қоғамдық қоры жүзеге асырды.

Шараға 14 пен 35 жас аралығындағы ерекше жастар қатысты. Олар спикерлермен «тең дәреже» қағидасына сай еркін пікір алмасып, «Жастардың әлеуметтік белсенділігі және инклюзия» тақырыбында ой қозғады. Психологиялық сергіту сәтінде жастар өзекті мәселелерді ортаға салып, шешу жолдарын бірге қарастырды.

– Бұл диалог алаңы – жастардың пікірін еркін білдіруге, өзін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінуге мүмкіндік беретін ерекше бастама. Жастардың ашық диалогқа, шығармашылыққа және өз ойын айтуға деген белсенділігі бізді қуантады, – деді Атырау облысы Ішкі саясат басқармасының бас маманы Самал Сатханқызы.

Іс-шара барысында қатысушыларға «Жарқыра» әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау бағдарламасы, ҮЕҰ мектебі, «Біз де адамбыз» қоғамдық қоры мен «Шектелме» әлеуметтік жобалары бойынша ақпарат берілді.

Атырау облыстық мәслихат депутаты Нұрлыбек Даралиев жастардың сөзіне құлақ асып, оларды шешім қабылдау процесіне тарту қажеттігін атап өтті.

– Мұндай инклюзивті бастамалар қоғамның әр мүшесіне тең мүмкіндік беру идеясын алға тартады. Біз жастардың, әсіресе, ерекше қажеттіліктері бар жастардың қоғамдық өмірге белсене араласуына жағдай жасауымыз керек. “ЕРЕКШЕ TALKS” алаңы олардың үнін естіп, қажеттіліктерін ескеруге бағытталған маңызды қадам, – деді ол.

Шараға арнайы шақырылған спикерлер қатарында облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, әлеуметтік сала басшылары, құқық қорғау өкілдері мен ҮЕҰ жетекшілері болды.