Аймақта 27 сәуір мен 3 мамыр аралығында «Барлығы үшін иммундау – адамның қолынан келеді» ұранымен Еуропалық иммундау апталығы өтуде, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Мақсат — тұрғындар арасында вакцинацияның маңыздылығы туралы түсінікті арттыру, инфекциялық аурулардың алдын алу бойынша халықты кеңінен ақпараттандыру. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен брифингте баяндалды.
Қазақстандағы иммундау мәселесі —денсаулық сақтау саласының басым бағыттарының бірі. Вакцинацияның арқасында шешек, полиомиелит секілді ауыр аурулардың таралуы тоқтатылып, көптеген инфекциялық дерттің деңгейі едәуір төмендеді.
Биыл алғашқы үш айдың қорытындысымен аймақта екпемен басқарылатын инфекциялардың эпидемиологиялық жағдайы салыстырмалы түрде тұрақсыз болды. Нақтырақ, қызылшадан 39, көкжөтелден біреу, ал жіті “А” вирустық гепатиттің 11 жағдайы тіркелді. Бұл аурулардың көпшілігі екпе алмаған балалар арасында кездескен.
Атырау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлназ Ирбатырова халықты вакцинацияның маңыздылығына жауапкершілікпен қарауға шақырды.
- Иммундау — жұқпалы аурулармен күрестегі ең тиімді әрі қауіпсіз әдіс. Әрбір ата-ана өз баласының денсаулығы үшін жауапты екенін түсінуі керек. Вакцинация арқылы біз қауіпті инфекциялардың алдын алып, ұрпағымызды дені сау болашақпен қамтамасыз етеміз,- деді Гүлназ Ирбатырова.
Еуропалық иммундау апталығы аясында жатыр мойны обырының алдын алу мәселесіне ерекше назар аударылып отыр. Әйелдер арасындағы онкологиялық аурудың басты себебі — адам папилломасы вирусы.
Бүгінде АПВ-ға қарсы екпе өңірдегі 9-14 жас аралығындағы қыз балаларға жүргізілуде. Бұл вакцинация — жатыр мойны обырының дамуын алдын алудың ғылыми дәлелденген тиімді әдісі.
Атырау облыстық онкология диспансерінің директоры Эльмира Сапарова жатыр мойны обырының қауіптілігіне тоқталып өтті.
- Жатыр мойны обырының ерте кезеңінде ешқандай белгі болмайды, сондықтан ауру көбінде кеш анықталады. Ал вакцинация арқылы дерттің алдын алуға болады. Ата-аналар қыздарының болашағы үшін дұрыс таңдау жасауы тиіс,- деді Эльмира Сапарова.
Айта кету керек, профилактикалық екпелер Қазақстан Республикасының Ұлттық күнтізбесіне сәйкес тегін жүргізіледі. Вакцинация алдында дәрігерлер баланы толық медициналық тексеруден өткізіп, барлық қажетті ақпаратты түсіндіреді.
Вакцинацияға қатысты толық ақпаратты тұрғындар тіркелген емханалардан немесе “egu.kz” сайтынан алуға болады.
Аман ШАМАР