Атырауда көлеңкелі экономикамен күрес күшейтілді

Атырау облысы бойынша мемлекеттік Кірістер департаментінің басқарма басшысы Ғибрат Мырзағали брифингте Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске енгізілген соңғы өзгерістер туралы баяндап, оның негізгі бағыттарын түсіндірді, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

2025 жылғы 13 наурыздан бастап Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 275-бабына байланысты өзгерістер күшіне енді. Бұл өзгерістер 2025 жылғы 10 қаңтарда қабылданған №155 Заң аясында енгізілген.

- 275-бапқа енгізілген жаңа нормалар жеке тұлғалардың салық салу объектілерін көрсету міндетін күшейтеді. Енді азаматтар тек табыс туралы ғана емес, сонымен қатар активтері мен міндеттемелері жөнінде де декларация тапсыруы тиіс. Бұл талаптарды орындамаған жағдайда 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Сонымен бірге, мемлекеттік қызметшілер мен олардың жұбайлары кіріс көздерімен расталмаған ірі сатып алулар жасаған жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бұл шаралар көлеңкелі экономикамен және сыбайлас жемқорлықпен күреске бағытталған, – деді Ғ. Мырзағали.

Сондай-ақ брифинг барысында әлеуметтік медициналық сақтандыру заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартудың бес жылдық ескіру мерзімі белгіленгені де айтылды. Бұл шара әлеуметтік қорғау саласындағы құқықбұзушылықтардың реттелуін теңестіруге бағытталған.