Тілді таңдау еркіндігі – демократиялық қоғамның негізі

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында сөйлеген сөзі – елдің қоғамдық-саяси өміріне, рухани тұтастығына және тіл саясатына қатысты маңызды ойлар мен пайымдарға толы мазмұнды баяндамалардың бірі болды. Президент атап өткендей, бүгінгі таңда түлектердің 80 пайызға жуығы Ұлттық бірыңғай тестілеуді мемлекеттік тілде тапсырып отыр. Бұл – еліміздегі қазақ тілінің қолданыс аясы кеңейіп келе жатқанын нақты көрсететін көрсеткіш.

Сонымен қатар, биыл алғаш мектеп табалдырығын аттайтын бүлдіршіндердің 70 пайыздан астамы қазақ тілінде білім алатыны да – ана тіліміздің болашағына деген сенімді нығайтады. Бұл – тіл саясатының жүйелі жүргізіліп жатқанын, ата-аналардың қазақ тілін баласының өміріне тірек етуге бет бұра бастағанын білдіреді. Мұндай бетбұрыс тек тілдің ғана емес, тұтас ұлттық сана мен мәдениеттің жаңғыруының көрінісі. 

Алайда Мемлекет басшысы орынды түрде ескерткендей, тіл тақырыбын саяси мақсатқа айналдыруға жол беруге болмайды. Тілді ұлтты біріктіретін құрал емес, керісінше, араздық тудыратын құралға айналдырғысы келетін деструктивті күштердің әрекетіне жол бермеу – әр азаматтың азаматтық жауапкершілігі. Президенттің: «Тіл мәселесін ту етіп қоғамда алауыздық туғызғысы келетін, ел ішіндегі жағдайды шиеленістіруге ұмтылатын әрбір әрекетке тосқауыл қойылып, заң жүзінде жазаланады» деген сөзі – бұл мәселенің мемлекеттік маңызы бар екенін айқындайды. 

Біз, жоғары оқу орнының ұстаздары, әсіресе гуманитарлық сала мамандары, жастармен тығыз жұмыс істейтін тұлғалар ретінде осы идеологияның жүзеге асуына тікелей ықпал ете аламыз. Қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде кеңінен насихаттап қана қоймай, оны кәсіби, ғылыми, технологиялық салаларда да қолдану мәдениетін дамыту – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі.

Мемлекеттік тіл тек мектеп қабырғасында ғана емес, жоғары білімде, өндірісте, бизнес пен медиа саласында да жетекші орын алуы тиіс. Ол үшін тек формалды шаралар емес, терең мазмұнды білім, сапалы оқулықтар, ғылыми еңбектер, отандық цифрлық контент қажет. Тілдің бәсекеге қабілеттілігін арттыру арқылы ғана біз оны қоғамның барлық саласына табиғи жолмен енгізе аламыз.

Осы ретте Президентіміздің тілдік әртүрлілікке құрметпен қарау, адамдардың өз еркін таңдауына мүмкіндік беру туралы айтқан қағидаты – еліміздегі татулық пен келісімді сақтау жолындағы даналық шешім. Тілді таңдау еркіндігі – демократиялық қоғамның негізі. Алайда мемлекеттік тілді білу мен құрметтеу – барша азаматтың ортақ борышы.

Қорыта келгенде, Қасым-Жомарт Кемелұлының бұл сессияда айтқан ойлары – еліміздің болашағын қалыптастыру жолында тіл мәселесінің ерекше орын алатынын тағы да бір дәлелдеді. Мемлекеттік тілді дамыту – бұл тек тілтанушылар мен мұғалімдердің ғана емес, тұтас қоғамның, әрбір азаматтың тарихи жауапкершілігі.

Жұмазия Абдрахманова, 

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті "Қазақ тілі мен әдебиеті" кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты

Фото: Ақорда