ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мемлекеттік қызметшілердің кәсіби және тұлғалық дамуына мол мүмкіндік ұсынып келеді. Бұл оқу орны басқару қабілеттерін жетілдіріп, жаңа білім мен тәжірибе алғысы келетін мамандар үшін маңызды платформаға айналды, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Атырау облысы бойынша соңғы жылдардағы деректер де осыны дәлелдейді. 2023 жылы өңірден күндізгі бөлімге үш мемлекеттік қызметші қабылданса, 2024 жылы бұл көрсеткіш үш есеге өсіп, тоғызға жетті. Бұл мемлекеттік қызметшілердің кәсіби білім алуға және басқарушылық қабілеттерін дамытуға деген ынтасының артқанын көрсетеді. Сонымен қатар модульдік оқыту қағидаты бойынша (қызметтен қол үзбей оқу форматы) да оң өзгерістер байқалады. Мәселен 2023–2024 оқу жылында квазимемлекеттік сектордан бір магистрант оқуға түссе, 2024–2025 оқу жылында мемлекеттік сектордан алты үміткер қабылданды.
Академия түлектері білімнің арқасында кәсіби жетістіктерге жетуде. Тіпті алғашқы дені жоғары қызметтік лауазымдарға да тағайындалып үлгерді. Солардың бірі — 2024 жылғы түлек Айнагүл Қақиева. Ол «Адами ресурстарды басқару» бағдарламасы бойынша мемлекеттік грант иегері атанып, оқуын GPA 3.93 көрсеткішімен үздік аяқтады. Жеті жылдан астам мемлекеттік қызмет тәжірибесі бар Айнагүл Қақиева бүгінде Атырау облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері департаментінде Мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы қызметін атқаруда. Академияда алған білімінің арқасында ол жаңа қызметіне конкурссыз тағайындалды.
— Академия маған тек білім емес, жаңа көзқарас пен сенімділік берді. Практикалық сабақтар, заманауи әдістер, сарапшылармен кездесулер – бәрі менің кәсіби деңгейімді арттыруға ықпал етті. Бұл – мансап жолындағы маңызды қадамым, – дейді Айнагүл Қақиева.
ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы – кәсіби өсуге ұмтылатын мемлекеттік қызметшілер үшін үлкен мүмкіндік. Егер сіз де өз әлеуетіңізді дамытып, мансап жолында жаңа белеске шыққыңыз келсе, Академия сізді күтеді.