«Атырауда Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында мүмкіндігі шектеулі жандар арасында алғаш рет облыстық турнир ұйымдастырылды»,-деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Облыстық турнир шахмат, тоғызқұмалақ, дойбы, пауэрлифтинг, армреслинг, үстел теннисі, оқ ату, суда жүзу, жеңіл атлетика сынды 9 спорт түрінен өтті. Жарысқа қала және барлық аудандардан 260 астам спортшы қатысты.
«Спорт - денсаулықтың ғана кепілі емес, мықты руһ пен қажырлы қайраттың көрінісі. Өздеріңіздей салауатты өмір салтын ұстанып, спортты жанына серік еткен азаматтарымыздың көбейгені қуантады. Отыз жылда ұлттық спортқа жасалған нақты қолдаулардың арқасында көк туымыз әлемдік аламандарда тұрақты желбіреп келеді. Облысымызда бұқаралық спорт пен дене шынықтыру саласы инфрақұрылымын дамыту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Биыл Атырау спортының абыройы асқақтаған ерекше жыл болды»,-деген ол Токио Паралимпиадасына облыс атынан 7 бірдей спортшы қатысқанын атап өтті.
«Біз осындай даңқты жеңімпаздарымыздың жеңісті жолын жалғастыруға жағдай жасаймыз. Сіздердің араларыңыздан да аламанға түсіп, ел мәртебесін асқақтатар азаматтар шығарына сенемін!»,-деді өңір басшысы Махамбет Досмұхамбетов.