ATPress.kz. 3 маусым. 1 мамыр мен 1 маусым аралығында Атырау қаласында өткен street workout-тан қала біріншілігіне 100-ден астам тұрғын қатысты.
Нәтижесінде Амангелді Өтепов чемпион атанды, деп хабарлайды Атырау облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі.
Street workout спорты бір кездері Атырау қаласы үшін таңсық спорт түрі болатын. Былтырғы жылы Ұлттық Олимпиада Комитетінің бастамасымен бірнеше алаңқайлар қолданысқа берілді. Атырау қалалық спорт бөлімі мен бұқаралық спортты дамыту орталығы street workout спортын дамыту мақсатында жастардың басын біріктіріп, үлкен чемпионат ұйымдастырды.
Бір айға созылған бәсекенің ақтық сайысында іріктелген 20 спортшы өзара үздікті анықтады. Үш жаттығу бойынша 70 ұпай жинап қарсыластарынан мықты екенін дәлелдеген Амангелді Өтепов Атырау чемпионы деген атаққа ие болды. Екінші орын иеленген Саид Типаев 60 ұпай еншіледі. Үшінші орында 52 ұпаймен Олжас Шыңғалиев.
Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне қаржылай сыйақы мен Кубок табыс етілді. Енді олар Қазақстан чемпионатында облыс намысын қорғайды.
1 маусым - балаларды қорғау күніне тұспа-тұс келген сайысқа кішкентай бүлдіршіндер де қатысқан болатын. Оларға мерекеге орай түрлі спорттық жабдықтар сыйға берілді.
Айта кетейік, street workout спортының Қазақстандағы бас жаттықтырушысы Айтым Жакупов сайысты тамашалауға арнайы келді.
Тасым Әбіш