ATPress.kz. 9 ақпан. Алматы қаласындағы «Алматы Арена» мұз сарайында кеше Универсиада-2017 ойындарының жабылу салтанаты өтті.
Спортшылар шеруіне 57 елдің туын көтеріп шыққан екі мыңға жуық атлет қатысты. Мыңдаған көрермен спорт думанының нағыз батырларын, соның ішінде қазақстандық спортшыларды ду қол шапалақпен қарсы алды.
Жабылу салтанатында ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев, Халықаралық студенттік спорт федерациясының президенті Олег Матыцин, сондай-ақ, Красноярск қаласының мэрі Эдхам Акбулатов сөз сөйледі.
Акбулатов мырза Алматы қаласының əкімі Бауыржан Байбектен Халықаралық студенттік спорт федерациясының туын қабылдап, 2019 жылы Универсиаданы қабылдайтын Красноярск қаласының бас белгісін таныстырып өтті. Сондай-ақ, 2019 жылы Универсиада өтетін Красноярск қаласының тарихы мен мәдениетіндегі ең жарқын оқиғаларды айтып беру үшін Алматыға арнайы келгендігін жеткізді.
- Красноярскте Универсиаданы лайықты деңгейде өткізетін астанаға айналады деп шын үміттенемін, біз осы мақсатқа жету үшін бүкіл күшімізді саламыз. Жас спортшылардың арманына қанат бітіріп, жаңа чемпиондарды тәрбиелеп, бүкіл жер жаһандағы жастарды бір-біріне жақындастырып отырған Халықаралық студенттік спорт федерациясына зор алғысымды білдіремін! Шығыстың қонақжайлығын көрсетіп, жарқын спорт жеңістеріне мұрындық болып, ұмытылмас әсерлерді сыйлаған Алматыға рахметімді айтамын, – деді өз сөзінде Э.Акбулатов.
Айта кетейік, қазақстандық студенттер бүкілəлемдік Универсиаданы 11 алтын, 8 күміс, 17 қола медальмен аяқтап, бұрынғы рекордын үш есеге жаңартып отыр. Ал, елу жеті мемлекеттің құрама командалары бойынша екінші орынды еншіледі.
Нұрбейбіт Нұғыманов
Сурет автордікі