ATPress.kz. 1 шілде. Жыл басынан бері Атырау қаласында 84 өрт оқиғасы тіркелген. Құрғақ шөптер мен қамыстардың 171 жану фактісі анықталыпты.
Өрттің негізгі шығу себебі – тұрғындардың қауіпсіздік шараларын сақтамауынан болып отыр. Бұл түптеп келгенде, адам қазасы, баспана мен материалдық құндылықтардың жойылуына себепкер.
Осы орайда қалалық «Өрт сөндіру және авариялық құтқару қызметінің» мамандары жергілікті БАҚ өкілдерімен бірлесіп, тұрғындарға профилактикалық жұмыстар жүргізді. Іс-шара кезінде тұрғын үй иелеріне өрт және су қауіпсіздігі қағидаларын қатаң сақтау ескертілді. Сонымен қатар, профилактикалық нұсқаулар берілді:
- аула іші мен оған іргелес аумақты қоқыстан және құрғақ шөптен уақытылы тазартыңыз;
- қоқыс немесе шөпті аулада, орман жанында өртемеңіз, алау жақпаңыз;
- сөндірілмеген темекі тұқылы мен сіріңкені жерге тастамаңыз;
- далада бөтелкелер, сынған әйнектер қалдырмаңыз, олар күннің астында линзаға айналып, күннің сәулесінен кенеттен шөптердің жануын тудырады;
- май, бензин, керосин және тағы да басқа жанғыш заттар сіңген материалдарды қалдырмаңыз;
- балалардың отпен ойнауына жол бермеңіз. Үйде және табиғатта сіріңкемен ойнаудың қауіптілігін түсіндіріңіз.
Айдос Қарабала