Жол ережесін білу балаңыз үшін маңызды

АTPress.kz. 17 мамыр. Атырау облысында соңғы төрт айдың ішінде балалардың қатысуымен сегіз жол-көлік оқиғасы болды. Оқиға салдарынан бірі жазатайым болса, сегіз бала әр түрлі жарақат алған.

Жазғы демалыс қарсаңында балалардың жол-көлік оқиғалары салдарынан жарақаттануының алдын алу, қауіпсіз жол жүру дағдыларын қалыптастыру мақсатында Атырау облысында «Балалардың жолдағы қауіпсіздігі» атты кең ауқымды республикалық акциясы басталды. Акция 1 мамыр мен 1 маусым аралығында жүреді.

Атырау қалалық ІІБ жергілікті полиция қызметінің аға инспекторы Жалғас Жолмағамбетовтің айтуынша, жасөспірімдермен және балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу, балаларға жол қауіпсіздігін түсіндіру үшін аталған  акцияның маңызы зор.

- Акция барысында тексерілген мектептердің барлығында да талапқа сай жасанды кедергілері мен белгілер орнатылғаны анықталды. Орын алған оқыс оқиғалар балалардың жол ережесін білмегендігінен емес, жүргізушілердің кінәсінен болып отыр, - дейді аға инспектор Жалғас Жолмағамбетов. 

 

Нұрбейбіт Нұғыманов

Сурет budni.by сайтынан алынған