ATPress. 3 мамыр. Индер ауданында заңсыз ауланған 2,5 тонна балық тәркіленді. Заң бұзушылық «Бекіре-2017» акциясы аясында өткізілген жедел-іздестіру жұмыстары кезінде анықталған.
Бұл туралы Атырау облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Оқиға бүгін таңғы сағат алты шамасында болған. Балық қорына қылмыстық қол сұғушылыққа қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері заңды белшеден басқандарды Индер ауданы, Өрлік селосының тұсында қолға түсірген. Күдіктілер Батыс Қазақстан облысына қарасты Тайпақ ауылының 36 және 25 жастағы тұрғындары болып шықты. Олар ірі көлемдегі «қара» балықты көрші облысқа заңсыз алып өтпекші болған.
Жергілікті полиция қызметінің бастығы Нұрболат Каримовтың айтуынша, күдіктілер балықты Өрлік селосының аумағындағы Жайық өзенінің жағасынан сатып алған.
Қазір Қылмыстық кодекстің 196 бабы, 1 бөлімі бойынша іс қозғалып, қылмысқа қатыстылығы бар өзге тұлғаларды анықтау жұмыстары жүргізілуде.
Айдос Қарабала