АTPress.kz. 2 маусым. Халық арасында кеңінен танымал «Пиала» шайы, «MacCoffee» кофесі, «Mobil» мотор майы логотиптерімен қатар ірі алкогольді компаниялардың тауар белгілерін өз тауарына жапсырып, контрафактілік өнімдер дайындалып келген 16 цехтың құйтырқы
Елімізде өткен жылы анықталған бұл 16 цехтың тауарлары Атырау облысына да келген. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Атырау облысы әділет департаменті зияткерлік меншік құқығы жөніндегі бөлім басшысы Мәди Мұхсанов мәлімдеді.
Маманның айтуынша, Атырау облысы мемлекеттік кіріс департаменті 2016 жылғы 7 қарашада «Айал Снаб Сервис» ЖШС-нің лауазымды тұлғаларына қатысты сотқа дейінгі істі тіркеген. Тергеу барысында, аталмыш компания Атырау қаласындағы бірқатар цехтарды жасырын құрал-жабдықпен қамтамасыз етіп келгені анықталған.
- Цехтарда «Shell» маркасы жапсырылған жалған мотор майы, яғни контрафактілік өнім дайындалған. Жасанды өнім өткен жылдың ақпан–қыркүйек айлары бойына «Атыраукөлік» ЖШС-не тұрақты жеткізіліп келген. Құзырлы органдардың мәліметінше, 19 заңды тұлғаға «Shell» логотипімен жалпы сомасы 169 миллион теңгені құрайтын контрафактілік өнім жеткізілгені белгілі болды, - деді М. Мұхсанов.
Брифинг барысында Мәди Мұхсанов, контрафактілік өніммен күресу бағытында зияткерлік меншікті қорғауға арналған шаралар ұйымдастырылып, ішкі істер органдары тарапынан да кешенді шаралар қолға алынып жатқанын атап өтті.
Мереке Асанова