Теңіздегі зауыттан күкірт ауаға тарады

ATPress.kz. 30 мамыр. Бүгін әлеуметтік желілерде Теңіз кенішіндегі оқыс оқиға кең талқыға түсті. Видеотүсірілімде зауыт мұржасынан күкірт араласқан түтіннің таралып жатқаны көрсетілген.

WhatsApp арқылы келген хабарламада куәгер былай деп жазады: «Бүгін, яғни 30 мамыр күні, сағат 09.10-да «Теңізшевройлдың» КТЛ зауытында үлкен апатты жағдайдың куәсі болдық. Өндіріс ошағының мұржасында газ жағылып, күкірт ауаға тарай бастады. Бұл экология үшін үлкен қауіп. Қазірдің өзінде іргелес жатқан бірнеше гектар жер күкіртпен ластанды»

Осы орайда ATPress.kz редакциясы облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Орақ Бисембиевке хабарласты. Оның айтуынша, бұл жағдай жергілікті әкімдіктің бақылауында. «Бүкіл материалдарды бердік. ТШО-мен сөйлестік. Қазір табиғат қорғау прокуратурасының рұқсатын күтіп отырмыз. Заң бұзғандардың миллиардтап айыппұл төлейтіні анық», - дейді салалық басқарма өкілі.

 

Айдос Қарабала