Нұрлан Ноғаев: «Жүздеген гектар жер не мақсатына сай пайдаланылмайды, не кері сатылуда»

ATPress.kz. 14 ақпан. Атырау облысында пайдаланылмаған жер телімдерін тәркілеу процесі жалғасуда. «Бұл туралы Махамбет ауданында өткен көшпелі отырыста белгілі болды», - деп хабарлайды Атырау облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі.

Мәселен, өткен жылы инспекторлар жоспардан тыс 534 тексеру жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде жердің пайдаланылуы саласында 448 құқық бұзушылық анықталып отыр. Атырау облыстық жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Гүлзия Құрманованың мәлімдеуінше, құқық бұзушыларға 61 млн теңге көлемінде айыппұл салынған. 

«Қазіргі таңда пайдаланылмаған жер телімдерін тәркілеу жұмыстары жүргізілуде. Ең басты мәселе, жеке тұлғалар ауыл шаруашылық жұмыстарына жер сатып алады, кейіннен оларды жеке тұрғын үй құрылысы үшін қайта сатады. Осындай жағдай Береке ауылында орын алды. Адамдар үй салды, ал біз ол жерлердің заңсыз екенін айтуымыз керек», - деп атап өтті Махамбет ауданының әкімі Сырым Рысқалиев

Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев мұндай проблеманың негізінен осы ауыл тұрғындарымен жиі кездесетінін атап өтті.

«Ауыл шаруашылығына арналған бұл жер телімдері ауыл шаруашылық жұмыстарына бөлінген. Біз барлық жерді алу міндетін қоймаймыз, бірақ бұл учаскелерде үй салуға болмайды. Осындай фактілерді ашып, қажет болған жағдайда, заң бойынша мұндай құрылымдарды бұзу туралы аудан әкіміне міндет жүктедім. Бұрынғы қалпына кері қайтаруды тапсырдым. Тек осы жағдайда ғана заңсыз құрылыс жүргізетін адамдар ойланып, жерді заңсыз алу жолдарын тоқтатады. Біз ауыл шаруашылығымен айналысқысы келетін адамдарға жер телімдерін тауып беруге тырысамыз, десек те жүздеген гектар жер не мақсатына сай пайдаланылмайды, не кері сатылуда», - деп нақтылады Нұрлан Ноғаев. 

Тағы бір факт - Жылыой ауданында рұқсат етілмеген жер телімдеріне заңсыз салынған үш кәсіпкерлік нысан анықталды. Қазіргі таңда әкімдік ғимараттарды бұзу туралы шешім қабылдады.

Айта кетелік, өткен жылдан бастап жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы жер телімдерін анықтау үшін аэроғарыштық суреттерді пайдалануды бастады. Өткен жылы 9 мыңға жуық заңсыз жер телімдері анықталды. Бұл жұмыс ағымдағы жылы жалғасады. Арнайы құрылған топтар аэрофототүсірілім деректерін пайдалана отырып, жер учаскелерін тексереді және жер телімдерін дұрыс пайдалануды реттейді.

 

Бек Әзберген