Кәсіпкерлерден топографиялық түсірілімді заңсыз талап еткен

ATPress.kz. 16 мамыр. Осы уақытқа дейін Атыраудағы монополист мекемелер кәсіпкерлерден топографиялық түсірілімді заңсыз талап еткен. Сөйтіп, бизнес өкілдерінен құжатты негізсіз сұраттырыпты.

Бұл заңсыздықты Атырау қалалық прокуратурасы уәкілетті органдарды тексеріс кезінде анықтаған. Нәтижесінде, «ҚазТрансГазАймақ» Атырау өндірістік филиалы, «Атырау су арнасы», «Атырау Жарық» мекемелері өздеріне тиесілі құбырлар мен желілердің схемасы бола тұра, кәсіпкерлерге әрбір 10 шаршы метр жер учаскесіне қосымша топографиялық түсірілім жасатып, тапсыруды міндеттеген. 

Аталған мәселе бойынша прокуратура дереу қадағалау актілерін қабылдап, заңсыз тәжірибені тоқтатты және жауапты тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Сондай-ақ, енді жер учаскелеріне келісім беру актілері үшін уәкілетті орындардан рұқсат алуға азаматтардың өздері жүрмейтін болды. Ол үшін курьер қызметі ұйымдастырылған. «Бұл кәсіпкерлерге қолайлы жағдай қалыптастырады», - дейді қала прокуроры Руфат Құттықов

 

Айдос Қарабала