Индерде 38 жасар азамат екі баласымен суға батып кетті

ATPress.kz. 28 тамыз. Атырау облысының Индер ауданында 38 жасар азамат екі баласымен бірге суға батып кетті. Қайғылы оқиға 27 тамыз күні болған.

Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. Айтуынша, Есбол селосының тұсындағы Жайықта қолдан жасалған қайықпен серуендеу кезінде 1979 жылы туған ер азамат 13 және 4 жастағы балаларымен өзен ортасына жеткенде, бір-бірін құтқару үшін суға секірген.   

Салдарынан үшеуі де «тілсіз жаудың» құрбанына айналған. Қайғылы оқиғадан кейін, 28 тамыз күні жергілікті тұрғындардың күшімен 13 жастағы баланың денесі табылған. Ал, Батыс аумақтық аэроұтқыр жедел-құтқару жасағының қызметкерлері ер азаматтың және 4 жастағы баланың өлі денесін су бетіне шығарыпты. 

Сонымен қатар, 27 тамыз күні Индер ауданына қарасты Көктоғай селосында 17 жастағы жасөспірім суға батып кеткен. Бүгінде 2000 жылы туған Е.К.-ты жедел-құтқару жасағы іздестіруде. Оған 2 техника және 3 құтқарушы жұмылдырылған.  

Жалпы, жыл басынан бері Атырау облысындағы су айдындарында 15 қайғылы жағдай тіркеліп, 18 адам қаза тапқан. Соның ішінде сегізі бала болып отыр.

 

Айдос Қарабала

Фото se.pl сайтынан алынған