ATPress.kz. 6 қыркүйек. Енді бақылаушы органдар бизнеске тексеріс барысында анықталған бұзушылықтарды түзетуге мүмкіндік беріп, айыппұл салмайды. Бұл жайында ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов мәлім етті, деп хабарлайды inform.kz.
«Біз «алдын алу бақылауы» деп аталатын түсінік енгіземіз. Бұл барынша революциялық өзгерту. Қазіргі уақытта тексеруші нысанды тексеру барысында бұзушылық тапса, онда міндетті түрде хаттама, ал одан кейін әкімшілік айыппұл туралы хаттама жазады. Біз бұл жүйені түбегейлі өзгертуді ұсынамыз. Яғни, тексеруші бұзушылықты тапқаннан кейін ескерту хатын жазып, аталған бұзушылықты жоюға ақылға қонымды уақыт береді. Бұзушылық түзетілген жағдайда аталған кәсіпкерлік субъектісіне ешқандай талап қойылмайды. Егер де бизнесмен ақылға қонымды уақыттың ішінде бұзушылықты түзете алмаса, онда әкімшілік жауапкершілік шаралары салынатын болады», - дейді министр.
Сондай-ақ, мемлекет квазимемлекеттік сектор мен табиғи монополия субъектілері беретін және бизнес оны көрсететін лицензиялар мен рұқсаттарды реттемекші. Себебі, олардың процедуралары күрделі әрі түсініксіз. Сондықтан, Тимур Сүлейменов келешекте мұны біржақты регламенттейтінін айтады.
Түйіндей айтқанда, бұл шаралардың барлығы «Кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы аясында жүзеге асқалы отыр. Құжат қыркүйек айында Мәжіліс депутаттарының қарауына енгізілмек.
Айдос Қарабала
Фото kapitalist.tv сайтынан алынған