Екпеден бас тартушылардың саны артып барады

АTPress.kz. 30 наурыз. Атырау облысында теріс діни сенімнің жетегіне еріп, екпеден бас тартқандардың саны өткен жылы 398 болған. Ағымдағы жылдың екі айында олардың қатары тағы елу төрт отбасымен толықты.

Бұл туралы бүгін Атырау облысы әкімдігі жанындағы діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңес отырысында айтылды. 

Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Түркбенбай Нұржігітовтың мәліметіне сүйенсек, екпеден бас тартушылардың көбі Атырау қаласы мен Жылыой, Құрманғазы аудандарында кездесіп отыр. 

- Атырау облысында 139 екпе алу пункті жұмыс жасайды. Екпеден бас тартқандардың барлығы медициналық есепке алынды. Дін өкілдерінің қатысуымен мамандар тобы құрылып, әрқайсысымен жеке жұмыстар жүруде, - дейді облыстық денсаулық басқармасының өкілі.

Мәселе екпеден қашқандарда емес, медицина саласының беделінің төмендігі деген аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев, бұл мәселені шешуге ардагерлер кеңесі, аналар ұйымы араласып, түсінік жұмыстарын жандандыру керектігін айтты. 

- Бір нәрсені біреуге айтып сендіру үшін, алдымен дәрігердің абыройы болуы қажет. Қазір екпеден бас тартқандар арасында ең жоғары көрсеткіш Атырауда. Төрт жүзден астам адам баласын ектіруден бас тартып отыр. Бұл мәселені шешуге тек денсаулық басқармасы ғана емес, әкімдіктер, білім беру мекемелері де араласып, ел болып жұмылуымыз қажет, - деді Н.Ноғаев. 

Жылыой ауданында биылғы бірінші тоқсанда 400 сәби дүниеге келсе, тоғызының анасы баласына екпе салуға қарсылық білдірген. Құрманғазыдағы отыз екі отбасында 52 бала екпеден бас тартып отыр. Атырау қаласында былтыр 346 баланың ата-анасы екпе салғызудан бас тартса, биылғы үш айда оған тағы 56 отбасы қосылған. 

Қала әкімінің орынбасары Мейірім Қалауидың айтуынша, бұл мәселеге қарсы арнайы топ құрылып, сәуір айынан бастап үйлерді аралап түсінік жұмыстарын бастамақ. 

- Аталмыш жұмыстар екпеден бас тартқан отбасылардың санын 60 пайызға азайтуға септігін тигізуі тиіс, - деді М.Қалауи. 

 

Мереке Асанова