Атырауда полиция департаментінің тәлімгерлер кеңесі құрылды

Ішкі істер органдарының құрметті ардагерлері қатарынан тәлімгерлер кеңесі құрылды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Ержан Сапарбекұлы Саденовтың нұсқауына сәйкес Атырау облысы полиция департаментінің Тәлімгерлер кеңесінің бірінші отырысы өтті. Кеңес отырысына департамент бастығы полиция полковнигі Нұрхат Оразбаев және ішкі істер органдарында ұзақ жыл қызмет атқарған ардагерлер қатысты. Бұл туралы облыстық депртаменттің баспасөз қызметі мәлім етті.

- Жеке құрамның Отанға деген патриоттық сезімін дамытып, мемлекетке, қоғамға құрмет, ұрпақтар сабақтастығы, сыбайлас жемқорлық көріністеріне қарсы тәрбиеленуінде ішкі істер органдары ардагерлерінің еңбегі зор. Сондықтан полицияның қызметтік жұмысын жетілдіріп, жас қызметкерлерге практикалық көмек көрсетіп, олардың дамуына жәрдемдесулеріңізге сенім білдіремін,- деді Атырау облысы ПД бастығы полиция полковнигі Нұрхат Оразбаев.

Отырысқа қатысқан ардагерлердің ашық дауысының нәтижесімен Атырау облысы полиция департаментінің Тәлімгерлер кеңесінің төрағасы болып ІІО ардагері полиция генерал-майоры Мырзабаев Қайырғали Жұмабайұлы, орынбасары ретінде ІІО ардагері полиция полковнигі Олжабаев Жанболат Құспанұлы және кеңес мүшелері сайланды.

Өз кезегінде полиция генерал-майоры Қайырғали Жұмабайұлы кеңес мүшелеріне бірлесіп жұмыс атқарып, полицияның қызметін жетілдіру бағытында, соның ішінде жас қызметкерлермен олардың жаңа жұмыс орындарына бейімделуіне бақылау жасау керектігін жеткізді.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ