ATPress.kz. 30 сəуір. Бүгін түнгі сағат 00.30 шамасында ІІД «102» пультіне белгісіз азаматшадан қаладағы демалыс орындарының бірінде екі азаматтың арасында жанжал болып жатқаны туралы хабар түсті.
Қоңырау ізімен жедел әрекет еткен тәртіп сақшылары оқиға болған жерге барып, демалыс орнына келген азамат пен ондағы күзетшінің мәмілеге келе алмағандығын анықтаған.
ІІД баспасөз қызметінің хабарлағанындай, күдікті азамат күзетшіге қарсы қару кезеніп, оқиға орнында резинадан жасалған оқтың бір данасы атылғаны анықталды. Күзетші облыстық ауруханаға жеткізіліп, қазіргі таңда сот-баллистикалық сараптама тағайындалды.
Күдіктіге іздеу жарияланып, ҚР ҚҚ 293 бабының 3 тармағы негізінде қылмыстық іс қозғалды.
Мереке Асанова