ATPress.kz. 26 қыркүйек. Атырауда маршрутты бағыттардағы автобустарда қалта ұрлығын жасап, азаматтардың әмияндарын қолды етуге дәніккен ұры құрықталды. Ол – 33 жастағы Ақтөбе қаласының тумасы болып шықты.
Бұл туралы облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды. 25 қыркүйек күні Атырау қалалық №2 полиция бөлімшесінің қызметкерлері СМП-136 маңында келе жатқан №14 қоғамдық көліктің ішінен ұрыны қылмыс жасау үстінде қолға түсірген. Тексеру барысында оның қалтасынан алты адамға тиесілі әмиян мен құжаттар табылыпты.
Қазіргі таңда қалта ұрысының үстінен Қылмыстық кодекстің 188 бабы бойынша іс қозғалып, сотқа тейінгі тергеп-тексеру амалдары басталған. Сонымен қатар, оның осыған ұқсас басқа да қылмысты істерге қатыстылығы бар-жоғы анықталуда.
Ал, ұрыға қатысты ешқайда кетпеу туралы бұлтартпас шарасы қолданылған.
Айдос Қарабала
Фото ipnews.in.ua сайтынан алынған
Видео облыстық ІІД-нің Facebook-тегі парақшасынан алынған