ATPress.kz. 28 желтоқсан. 2017 жылы Атырау облысында жүк көліктері жүргізушілеріне 101 млн теңге айыппұл салынған. Бұл туралы құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында белгілі болды.
«Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қайрат Нұртаев облыстағы жолдардың нашарлауына тікелей себепші үлкен жүк көліктері екенін мәлімдеді», - деп хабарлайды Атырау облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі.
Спикер Қайрат Нұртаевтың айтуынша, ауыр жүк көліктері үшін қаралмаған жолдарды жүргізушілердің есепсіз пайдалануы - жол төсендісінің қысқа мерзім ішінде жарамсыз жағдайға түсуіне ықпал етіп отыр.
Нақты мысал ретінде айтсақ, «Атырау - Индер», «Миялы – Сағыз», «Махамбет – Атырау» сынды автожолдарда 8 тоннадан көп жүкпен жүретіндер жиі байқалып отыр. Жергілікті тұрғындар карьерлерден тас таситын жүк көліктеріне шағым жасап әкімдікке бірнеше рет хабарласқан.
Осы ретте, облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қадағалау көліктері мен көлік бақылау инспекциясы қызметкерлерінің санын көбейтуді тапсырды. «Атырау-Индер» тас жолы Индер, Махамбет аудандарына қызмет көрсетеді, алға қарай осылай жалғаса беретін болса, жақында ғана пайдалануға берілген жолдың жарамай қалуы мүмкін. Жолды екінші рет салмайды, осы 180 шақырымға 10 млрд теңге кетті. Индер, Махамбет аудандарының басшылары мен тұрғындары ойланулары керек. Бұл жол сіздердің қолданыстарыңызда, сондықтан алдымен оның сақталуына алаңдағандарыңыз абзал», - деді Нұрлан Ноғаев.
Бек Әзберген