Атаулы әлеуметтік көмек беруден негізсіз бас тартқан

ATPress.kz. 25 қыркүйек. Атырауда әлеуметтік көмекті беруден негізсіз бас тартқан жергілікті атқарушы органның өкілдері тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Атырау қалалық прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады.

Анықталғандай, қала тұрғынының отбасында жеті жасқа толмаған төрт бала бар. Жұбайы екеуі жұмыссыздар тізіміне тіркеліпті. Отбасылық жағдайы да мәз емес. Соған орай, отағасы қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөліміне атаулы әлеуметтік көмек сұрап арызданған.

Алайда, жергілікті атқарушы орган бұл көмекті беруден негізсіз бас тартқан. Ал, прокурорлық қадағалау актісі негізінде осы заңсыздық анықталып, азаматтың көмек алуға толық құқығы бар екені нақтыланды.  

Нәтижесінде, арызданушы азаматқа 116 226 теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек беріліп, жергілікті атқарушы органның кінәлі қызметкерлері тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

 

Айқара Ғұмар