Ата-ана мектеп әкімшілігін сотқа берді

ATPress.kz. 29 мамыр. Атырауда ата-ана мектеп әкімшілігін сотқа берді. Яғни, Құрманғазы аудандық сотына Д. есімді азамат келіп, қызын мектеп директоры сабаққа кіргізбейтінін айтып, талап-арызымен жүгінген.

Оның айтуынша, мектеп әкімшілігі қызына кимешек киюге рұқсат етпеген. Сол себепті бойжеткен қыз сабақтан бірнеше мәрте қалып қойыпты. Осы орайда, арыз иесі баласын дәстүрлі діни мәдениетке тәрбиелеп жүргенін айтады.

Кейін сот отырысында анықталғандай, мектеп әкімшілігі ата-анаға ҚР Білім және ғылым министрлігінің бұйрығына сәйкес, міндетті мектеп формасын сақтауы тиіс екенін бірнеше мәрте ескерткен. Тіпті, қызын кимешек киген күйінде оқуға қабылдаудан бас тартатындығы туралы жазбаша хат та табыстаған. Сондай-ақ, ата-ана аудан әкімі жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі комиссия отырысына шақырылыпты. Алайда, арызданушы азамат жиынға барудан бас тартқан. 

Өз кезегінде судья «Білім туралы» заңды басшылыққа ала отырып, ата-аналар және басқа да заңды тұлғалар білім беру мекемесінің белгіленген жарғы-ережелерін орындауға міндетті екендігін баяндады. Себебі, мектептегі бірыңғай киім үлгілері туралы заң нормалары барлық конфессия мен ұлт өкілдері үшін ортақ болып табылады, ол оқушылардың діни көзқарас бостандығына құқықтарын шектемейді. 

Осы және өзге де заңдылықтарды зерделей келе, сот азаматтың талап-арызын қанағаттандырудан бас тартты. 

 

Айдос Қарабала

Фото informburo.kz сайтынан алынған