ATPress.kz. 26 мамыр. Атыраудағы 38 мекеме жаңа жұмыс орындарын ашуға әзір. Сөйтіп, пробация қызметінің есебінде тұрғандарды, жазасын өтеп шыққандарды және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастарды жұмыспен қамту жоспарланып отыр.
Бұл бастама Атырау қалалық прокуратурасының ұйымдастыруымен жүзеге асқан. Себебі бүгінде мекемелер тарапынан осы тізімдегі адамдарға штаттан қосымша бір пайыз квота белгілеу кемшін.
Қалалық прокуратура квотамен белгіленген бос жұмыс орындарын ашу үшін үлгі хат дайындап, жұмыспен қамту орталығы арқылы 136 мекемеге сұраныс жіберген. Қазіргі уақытта 59 мекемеден жауап келіп, соның 21-і жұмыс орнын ашқан. Нәтижесінде, 12 адам қызметке орналасып отыр.
Алдағы уақытта тағы 38 мекеме квота негізінде жаңа жұмыс орындарын құратындықтарын хабарлаған.
«Сонымен қатар, қазір қалада пробация есебінде 489 адам бар. Оның ішіндегі 50-ден астамы жұмыссыз. Сондықтан бұл бастаманы әрі қарай жалғастырамыз»,-дейді қалалық прокуратураның бөлім прокуроры Айбар Өтепберген.
Осы орайда Жылыой аудандық прокуратурасы да жұмыспен қамту орталығы, мемлекеттік сот орындаушылар және Теңіз кенішіндегі мекемелермен бірлесіп жұмыс жәрмеңкесін өткізген еді. Қорытындысында пробация есебіндегі 13 адам тұрақты жұмысқа орналасқан.
Тоқтала кететін жайт, квоталық жұмысқа орналасқысы келетіндер Авангард-2 мөлтек ауданы, 23 "Б" мекен-жайында орналасқан Жұмыспен қамту орталығына барып, тіркелуі тиіс. Байланыс телефондары: 28-43-46, 28-43-45, 28-27-37.
Айдос Қарабала