ATPress.kz. 24 шілде. Атырауда артық төленген салықтар қайтарылады. Бүгінде өңірдегі 1402 адам өз құқықтарын білмеу салдарынан 8 млн.теңгеге жуық қаржыны негізсіз шығындаған.
Мұны Атырау қалалық прокуратурасы салықтардың жүзеге асу процесін бақылау барысында анықтап отыр. Олардың айтуынша, 1, 2, 3 топтағы мүгедектер, Алтын және Күміс алқа иегерлері, көп балалы аналар, соғыс ардагерлері және оларға теңестірілген тұлғалар Салық кодексімен белгіленген жер, көлік, мүлік салықтарынан толықтай немесе ішінара босатылу құқықтарына ие.
Алайда, бұл тұлғалар өз заңдылықтарын білмегендіктен артық салық төлеп жіберген. Енді, Салық кодексінің 602 бабына сәйкес осы санаттағы азаматтар өздерінің мәртебесін растайтын анықтамамен Атырау қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасына барып, артық төленген салық соммаларын қайтаруға құқылы. Сонымен қатар, алдағы төлемдерді төлеу есебіне аудару мүмкіндігі бар.
Айдос Қарабала
Фото news.ngs.ru сайтынан алынған