АTPress.kz. 3 наурыз. Атырау облысында өткен жылдың қорытындысы бойынша 96 жеке нотариус нотариаттық іс-әрекет жасаған. Бұл - нотариалдық іс-әрекеттермен келетін тұрғындар санының күннен-күнге азайып бара жатқанын аңғартады.
Бұл туралы бүгін «Атырау-Ақпарат» баспасөз орталығында өткен брифингте Атырау облыстық нотариаттық палатаның төрайымы Гүлнар Масатова мәлімдеді. Маманның айтуынша, бұл жағдай халықтың яғни жеке және заңды тұлғалардың құқықтық көмек алуда нотариусқа жиі жүгінбей, халыққа қызмет көрсету орталықтарына баруына байланысты болып отыр.
- Мәселен, автокөлікке қатысты сенім хаттарды тұрғындар әкімшілік полиция департаменттерінде-ақ жасақтай алады, - дейді нотариаттық палата төрайымы.
Бұдан соң Атырау облысындағы қорғаушылардың жыл бойына атқарған жұмыстары туралы облыстық адвокаттар алқасының төрайымы Айсұлу Омарова баяндады. Маманның мәліметіне сүйенсек, Атырауда жыл қорытындысы бойынша 2870 адам адвокаттардың көмегіне жүгінген.
- Іс екі жақтың келісімімен аяқталса, ол біздің қоғамда өмір сүру жақсы деген сөз. Екі жақты татуластыру - әлемдік тәжірибе. Тараптарды татуластыру үшін сот процессі бірнеше жылдарға созылған жағдайлар да болған. Қазір қоғам да, адамдардың психикасы да өзгерді. Көптеген шағымдар азаматтық шаруалар бойынша түседі, - дейді Айсұлу Омарова.
Брифинг барысында тілшілерді жәбірленуші өзіне жасалған қастандықтан қорғану кезінде қылмыскерді өлтіріп алса, өз ісін ақтап шығуға бола ма деген сауалдың жауабы қызықтырды.
Адвокаттың айтуынша, өз тәжірибесінен соңғы бес жыл ішінде Атырауда мұндай жағдай кездеспеген.
- Егер кісі өлтіру ниетінде болмай, өзін-өзі қорғау кезінде жазатайым қылып алса, ол іс қысқартылуға тиісті. Алайда, қорғану шегінен шығу деген де бап бар. Істі тергеушілер мен сот органдарының бағалауы анықтайды, - деді Атырау облыстық адвокаттар алқасының төрайымы Айсұлу Омарова.
Нұрбейбіт Нұғыманов
Сурет автордікі