АTPress.kz. 3 ақпан. Жеке кәсібін дөңгелеткісі келген әр адам ауылдық жерлерде тұрса да 16 миллион теңгеге дейін несие ала алады.
Мелекет басшысы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы» деп атаған Қазақстан халқына Жолдауында бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту және оны кеңейтуді екінші басымдыққа берген болатын.
«Атырау облыстық жұмыс берушілер мен кәсіпкерлер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Әлия Бекқожиеваның айтуынша, бұл қазақстандық кәсіпкерлерге жаңаша серпіліс беріп отыр.
- Биылғы басты құжатта кәсіпкерлерге жаһандық бәсекеге қабілетті тауар өндіру керектігі тапсырылды. Бұл бағытта мемлекеттік бағдарламалар бізге үлкен мүмкіндік береді. Елбасы шағын және орта бизнестің үлесін 2050 жылға дейін кем дегенде елу пайызға жеткізуді стратегиялық мақсат етіп, бизнестің дамуына кедергі келтіретін нормаларды реттеуді «Атамекен» ұлттық палатасына тапсырды. Енді кәсібін дөңгелеткісі келген кез келген адам ауылдық жерлерде тұрса да 16 миллион теңгеге дейін несиеге қол жеткізе алады. Экономикамыз мықты бәсекеге қабілетті болған кезде ғана әлеуметтік саланы тиісті деңгейге көтере аламыз, - дейді Атырау облыстық жұмыс берушілер мен кәсіпкерлер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Әлия Бекқожиева.
Нұрбейбіт Нұғыманов