ATPress.kz. 16 наурыз. Атырау маңындағы ауылдардың бірінде ірі көлемдегі террорлық актілер жасағысы келген террористік топ «Батыс» өңірлік қолбасшылығы қарулы күштерінің қырағылығымен қолға түсті.
Қарабатан және «Алмалы» балалар лагері аумағындағы ауылдарды террорлық әрекеттерден азат ету мақсатында өткізілген полктік-арнайы тактикалық жаттығуларда «Батыс» өңірлік қолбасшылығының жауынгерлері аянып қалмады. Оқу-жаттығу барысында диверсияға қарсы шаралар мен терроризмге қарсы операциялар қарастырылды. Сонымен қоса, барлаушылар ақпараттық-психологиялық іс-әрекетке қарсы шығу, ірі қаладағы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі барлау жұмыстарын ұйымдастыру, тұрғылықты мекенді қоршау және шартты қарсыластардан тазарту, радиобарлау элементтерін орындады.
«Алмалы» балалар лагері аумағында болған жаттығуда қала ішіндегі ұрыс жаттығулары қарастырылды. Мұнда жауынгерлер «Арлан» броньдық заманауи әскери техникасымен тұңғыш жауынгерлік тапсырмасын сәтті орындады. Жаттығу барысында Қарабатан елді-мекенінен қашып келген террористер Алмалы пионер лагеріне тығылады. Олар заңсыз топ ұйымдастырып ірі көлемдегі диверсиялық және террористік актілер жасамақ болған. Қылмыскерлердің барлығы минамен түрлі жарылғыш заттармен қаруланғаны белгілі болды. «Арлан» броньдық машинасы қарсыластары шоғырланған аумақтың қапасын бұзып кіріп, жедел әрекетке көшті. Артиллериялық қондырғылар мен минометтер атқылады. Ғимаратты жармақ болған диверсанттар тобы толығымен ұсталынды.
- Біздің көріп жүргеніміздей әлемдегі қоғамдық-саяси жағдайлар әсіресе, Сирия, Таяу шығыс елдеріндегі соғыс жағдайлары осындай тұрғындар шоғырланған мекендерде болуда. Сондықтан біз оқу-жаттығуға осы пунктті алдық. Жауынгерлік құрам өздерінінің міндеттерін сапалы аяқтады, - дейді «Батыс» Өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы, полковник Нұрлан Алдияров.
Шабуылға қатысқан арнайы «Арлан» жасағының командирі Жасұлан Жекібаевтың айтуынша, мұндай жаттығулар жауынгерлерге жауапкершілікті міндеттейді.
- Оқыс жағдайлар күтпеген жерден орын алуы мүмкін. Сондықтан мұндай жаттығуларды жиі ұйымдастыруға тырысамыз. Болуы мүмкін жағдайлардың барлығы қамтылды. Әр жауынгер өз міндетін қырағылықпен атқарды, - деді Жасұлан Жекібаев.
Нұрбейбіт Нұғыманов
Суреттер автордікі