Атыраулық жүргізуші мопед мінген жасөспірімді сотқа берді

Атырау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында жол-көлік оқиғасы салдарынан келтірілген мүліктік залалды өндіру туралы азаматтық іс қаралды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Атырау қаласындағы көшелер қиылысында «Toyota RAV4» маркалы көлік құралы және кәмелетке толмаған жасөспірімнің басқаруындағы «Samurai» маркалы мопедінің қатысуымен жол-көлік оқиғасы орын алған.

Жол-көлік оқиғасы нәтижесінде талап қоюшыға мүліктік залал келтірілген.

Талап қоюшы 790 014 теңге көлемінде келтірілген мүліктік залалды жауапкер – кәмелетке толмағанның заңды өкілінен өндіру талабымен сотқа жүгінген.

Татуластыру рәсімдерін жүргізу нәтижесінде тараптар келісімге келіп, соттан тараптар арасында жасақталған медиациялық келісімді бекітуді сұрады.

Келісім шарттарына сәйкес, кәмелетке толмағанның заңды өкілі медициялық келісімге қол қойылған уақытта талап қоюшыға 600 000 теңгені төлеуге міндеттенді, талап қоюшы талабынан бас тартты.

Сот ұйғарымымен медиациялық келісім бекітіліп, іс өндірістен қысқартылды.

Сот ұйғарымы заңды күшіне енді.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Фото: ru.freepik.com