Жаңа заң мәдениет мекемелерінің жұмысына тың серпін береді

ATPress.kz. 24 мамыр. Мәдениет саласындағы өзекті проблемаларды шешіп, оның өркендеуіне негіз болатын жаңа заң күшіне енді. Құжат театр өнері, музей және баспа ісі, кітапханалардың қызметіне тың серпін береді.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мәлімдеді. Жаңа заң аясында театрлардың көптеген жаһандық мәселелері қамтылған. Мәселен, заң шығарушылық деңгейде тұңғыш рет өнер ордасының алдындағы міндеттер айқындалып, театралды қойылым, режиссер-қоюшы, қоюшы балетмейстер, қоюшы суретші секілді түсініктерге анықтама берілген. Сондай-ақ, заңнама мемлекеттік театрлардың қызметімен байланысты салық төлеу проблемаларын шешуді көздейді.

Енді жаңа құжат бойынша ауылдық жерлердегі клуб, кітапханалардың себепсіз жабылуына жол берілмейді. Мысалы, 2013-2015 жылдары елімізде 40 мәдениет ошағы жабылған. Заңдағы жаңалықтар мәдениет мекемелерін құру, қайта құру және жою мәселелерін құзырлы органмен міндетті келісуді талап етеді. Бұл бір жағынан мәдениет ошақтарына мониторинг жүргізуге де септігін тигізбек.

«Осы орайда Заңдағы толықтырулар Елбасының ұлттық мәдениет пен мәдени-тарихи мұраның сақталуы, дамуы жолындағы саясатының сапалы жүзеге асуына ықпал деген сенімдемін», - деді ведомства басшысы.

 

Айдос Қарабала