ATPress.kz. 16 маусым. Кеше Атырауда «Жаназа жəне жерлеу рəсімдері» атты кітаптың тұсауы кесілді.
Аталмыш кітап қаза дастархандарындағы аста-төк ысырапшылықтың зиянын түсіндіріп, жаназа рəсімдерін еліміз бойынша бірізділікке келтіру мақсатында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен шығарылып отыр.
Қазіргі кезде жаназа рəсімі əр облыста əртүрлі жүргізіліп жүргені көпшілікке мəлім. Дəулеті тасқандар қаде дастархандарын тойға арналғандай қылып жайып, марқұмның бейітіне алтын жалатқан күмбез орнатып жатқандары да жоқ емес. "Өлім - бардың малын шашады, жоқтың артын ашады" деген сөз де осыдан шықса керек.
Кітаптың таныстырылымы барысында сөз алған Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуанов:
- Бұл кітап бұрында шығуы керек болатын. Қазір əр облыста жаназа, қаде, шектік дегенді әркім өз бетінше, əрқалай атқару үрдісі қалыптасып үлгерді. Осы кітап солардың ішінде қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екіндігін айқындап беретін бірден-бір нұсқама. Бұдан кейін бұл кітаптың қолданысы кеңейеді деп санаймын, - деді.
Кітапта дүниеден өткен марқұмды арулап, пəктеуден бастап жерлеуге дейінгі аралықтағы барлық рəсімдер қаралған. Бүгінде ол 11 мың дана болып басылып, республиканың барлық облыстарына тарап үлгерді. Оны мешіт жанындағы кітап дүкендері мен сауда орындарынан табуға болады. Атырау қаласындағы "Иманғали" орталық мешітінің ауласындағы кітап дүкенінде "Жаназа жəне жерлеу рəсімдері" кітабының бағасы 800 теңге.
- Бұл кітап мəйітті жуындыру мен кебін кигізу, жерлеу секілді бірнеше бөлімдерден тұрады. Əр облыстағы бас имамдарға жамағаттан келіп түскен өзекті сұрақтар да осы кітапта қамтылған. Кітапты құрамы 15 адамнан тұратын ғұламалар кеңесі дайындады, - деді "Иманғали" орталық мешітінің бас имамы Батыржан Мансұров.
Нұрбейбіт Нұғыманов
Сурет автордікі