АTPress.kz. 11 мамыр. «Қазақстан» телеарнасында халықаралық «Мен қазақпын» жобасы бастау алды.
ҚР ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Орталық коммуникциялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында:
- «Қазақстан» - №1 арна, 99 пайызға жуық көрерменді қамтиды. Екіншіден, ұлттық арнаның танымалдылығы маңызды болып отыр. Кез келген телеарна осындай жобаны алып кете алмайды. Сондықтан «Қазақстан» телеарнасына таңдауы түсті, - деді.
Министр осы жобаның жалғасатынын да атап өтті.
- Тек «Қазақстан» телеарнасы ғана емес, барлық бұқаралық ақпарат құралдары жұмылдырылады. Біз кез келген саланың жобасын қолдауға дайынбыз. Жақын арада бір нақты жобаны атаймыз. Қазірдің өзінде маңызды және қызықты жоба «КТК» және «31» теларнасымен бірге дайындық үстінде. Мен жобаның қымбат болғанын қалаймын. Егер мүмкіндік болып жатса, демеушілерді тартуға болады. «Қазақстан» телекорпорациясының осы жобаны толықтай алып шығатынына сенімдімін. Кейбір жобаларға қаражатты аямауларыңызды сұраймын, - деп нақтылады министр Дәурен Абаев.
Жобаның мақсаты – дәстүрлі әнші, күйші, термешілерімізді еліміздің әр аймағында қалыптасқан өнер мектебінің өкілдерін кеңінен дәріптеу. Таңдаулы туындыларды өскелең ұрпаққа заманауи форматта насихаттау. Өнер бәйгесіне халық композиторларының шығармаларын, халық әндерін орындайтын өнерпаздар қатысады. Олардың ішінен ең үздігі телевизиялық байқауға жолдама алады.
Жиында «Қазақстан» РТРК АҚ басқарма төрағасы Ерлан Қарин жобаның өңірлердегі алғашқы байқаулары 5 маусымда бастау алатынын тілге тиек етіп, жарысқа елімізден бөлек Ресей, Қытай Халық Республикасы, Моңғолия мен Алтайда тұратын қандастарымызда қатыса алатынын жеткізді.
- Жобаның іріктеу кезеңінен түсірілген күнделіктер «Қазақстан» ұлттық телеарнасының эфирінен 9-27 тамыз аралығында көрсетіле бастайды. Ал жоба эфирге толық күйінде осы жылдың үшінші қыркүйегінен енеді деп күтілуде. Айта кететін тағы бір жайт, жобаға 18 бен 40 жас аралығындағы өнерпаздар қатыса алады, - деді ол.
Күнделіктерді шығаруға арнайы шығармашылық екі топ құрылды. Бір топты танымал күйші, сазгер, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің аға маманы, халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты, халықаралық Құрманғазы атындағы байқаудың лауреаты, республикалық «Асыл мұра» байқауының лауреаты, мәдениет саласының үздігі Айбек Бекбосын жүргізетін болады. Екінші топты дәстүрлі әнші, ҚР президент оркестрінің әншісі, халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты Әміре Қашаубаев, Естай Беркімбаев атындағы республикалық байқаулардың лауреаты Аллажар Қайбар жүргізеді.
Мереке Асанова