ХІХ ғасырдың көрнекті ақыны, жампоз жырау Мұрат Мөңкеұлының 180 жылдығына арналған «Мұрат Мөңкеұлы – қазақ тарихының жыршысы» тақырыбымен Индер ауданында ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Ғылыми-тәжірибелік конференцияда облыс әкімінің орынбасары Ж.Бисембиев құттықтау сөз сөйлеп, салтанатты түрде ашып берді.
Конференция модераторы ретінде сөз алған аудан әкімі Д.Шамұратов еліміздің ғылыми - танымдық конференциясына келген қонақтарға аудан халқының атынан алғыс білдіріп, ғалымдарды ел алдында таныстырып, сахна төріне шақырды.
Ең алдымен, ҚР Президентінің кеңесшісі, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, ақын мұрасын зерттеп жүрген Омаров Бауыржан Жұмаханұлы аудан жұртшылығына ҚР Президентінің құттықтау хатын оқып, Мұрат Мөңкеұлы шығармаларының талдау кеңістігі және таралым ауқымы жөнінде баяндама жасады.
Конференция барысында Қырғызстан мен Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері Илья Жақанов - Мұрат жырларының құдіретті әсері туралы, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі Құрманалиев Кәрімбек Арыстанбекұлы - Мұрат Мөңкеұлы шығармашылығындағы тілдік-бейнелілік аспектілер жөнінде, Филология ғылымдарының кандидаты, Әдебиеттанушы ғалым Мақсат Тәж-Мұрат - Мұрат Мөңкеұлы және жыршылық өнеріндегі жыршы тұлғасы туралы баяндама жасады.
Сондай-ақ, Филология ғылымдарының кандидаты, Әл-Фараби атындағы Қаз Ұлттық Университетінің доценті Мектеп-тегі Аманқос Құлтанұлы - Мұрат Мөңкеұлын ғылым әлеміне тұңғыш танытқан Х.Досмұхамедұлы туралы, Ақын, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Дүйсенғазы Серікзат Мақсұтұлы - Мұрат ақынның айтыскерлік шеберлігі жөнінде, Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Нағымов Шахман Нағымұлы Мұрат Мөңкеұлы шығармаларындағы Атырау өлкесі тарихының деректері жөнінде баяндама жасап, конференцияны қорытындылады.
Осы конференцияға орай Мұрат Мөңкеұлының 180 жылдығына шығарылған Шахман Нағымовтың «Мұрат ақын мұрасы» атты кітабының тұсауы кесіліп, аудандық кітапханаға табыс етілді.
Арқалы ақынға арналған ғылыми конференцияға қоғам қайраткерлері мен ел ардақтылары, руханият өкілдері Қ.Ризуанов, Р.Мурсалиева, М.Габдысалимова Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік Университетінің ректоры С.Идрисов пен осы университеттің профессоры А.Ахмет, Қызылқоға ауданының делегациясы, облыстық басқарма басшылары мен облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері және аудан тұрғындары қатынасты.
- «Қасиетті Дендер жері - қазыналы байлығымен, тұмса табиғатымен, айдарлы батырларымен, айбарлы ақындарымен танымал жер. Қалың қазақтың зар заман кезеңінде елдің еңсесін көтеріп, рухын құлатпаған әулие көмей жыраулары болатын. Сондықтан, қазақ жұртшылығы бүгінгі күнге дейін көмейіне сөз қонған ақындары мен жырауларын аса бағалап келді. Бүгінгі өткізген конференциямыз да соның бір көрінісі. Мұрат Мөңкеұлының шығармалары еш уақытта мәнін жоймайды, еліміз үшін, туған халқы үшін мәңгілік бірге жасай береді. Сондықтанда біз, тарихымыз бен әдебиетімізді әйгілеп тұрған Мұрат ақынның атымен мақтана да марқая да аламыз» - деді аудан әкімі Д.Шамұратов.
Конференция Индербор кентінде орналасқан қазақ поэзиясының алыбы Мұрат Мөңкеұлы мен қазақтың тұңғыш бард ақыны Табылды Досымовтың ескерткештеріне гүл шоқтарын қоюмен жалғасты.