ATPress.kz. 15 қараша. «Отбасы тәрбиесіндегі ұлттық құндылықтар - отбасының рухани-адамгершілік негізі». Осындай тақырыппен Индер ауданында облыстық семинар өтті.
«Көктем» қазақ орта мектебі базасында өткен бұл шара көрмемен танысудан басталып, «Сенбілік таң» бағдарламасы желісінде үлгілі отбасылардың өнеге сағаты арқылы жалғасты. Семинар жұмысына барлық аудандардың білім бөлімі әдіскерлері, ата-аналар ұйымының, әкелер кеңесінің жетекшілері қатынасты.
Бүгінгі қоғамда кездесіп отырған араққа салынып бүлінген отбасы, жұмыссыздық, шетелге тұрмысқа шыққан қыз, тастанды бала қасіреттері сахналық көрініспен қойылды.
Сахнада Бисен Аталық, Злиха Кенжиева, Бейбіт Өтепов, Жәния Науанова сынды ата-аналар мен ұстаздар рөлдерді сомдап, өнерлерін ортаға салды. Семинар жұмысын облыстық білім беру басқармасының бөлім басшысы Алмагүл Қайырлиева қорытындылап, ұлттық құндылықтарды қалыптастыруда, тәрбиенің бастауында отбасының рөлі мен ұлттық ғұрпымыздағы озық дәстүрлерді табысты жаңғыртудың маңызды екендігін айтты.
Айта кетелік, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы халқымыздың тамыры тереңге кеткен, тарихымен бірге жалғасып келе жатқан рухани байлықтарының бірі - отбасы құндылықтарына баса назар аударады.
С. Базарбаев,
Индер ауданы