ATPress.kz. 26 қараша. Атырау қаласындағы Жұмыскер кентінде орналасқан И. Тайманов атындағы орта мектептің оқушылары жеті хан жерленген Сарайшыққа саяхат жасады.
Сарайшық – Қазақ хандығының ең алғашқы астанасы. Қала Жайық өзенінің жағасында Атырау қаласынан елу шақырымнан қашықтықта орналасқан. Киелі өлкеге жасаған оқушылардың мақсаты – осы шаһарды көру болатын. Бұл мектеп ұжымының Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласына орай ұйымдастырылған алғашқы шарасы.
«Хан ордалы Сарайшық» мұражай кешенінің қызметкерлерінің айтуынша, тарихи орынды көру үшін шет мемлекеттерден арнайы келетіндер де аз емес екен. «Сондықтан да, Алтын Орда астанасымен таныс болуға қызығатындарды біз қуанышпен қарсы аламыз. Ежелгі астананың тарихи орны мемлекет қамқорлығына алынған», - дейді олар.
Оқушылар ата-баба ескерткішіне тағзым етіп, сырға толы Сарайшықтың аңыз әңгімелерін тыңдап, естелік фотосуретке түсті.
Жанар Сиден