Аудандық мәдениет үйінде аудармашы, З.Қабдолов қорының директоры, Жазушылар одағының мүшесі, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Бекет Қарашиннің “Рухты қалам табанды талант” атты шығармашылық кеші өтті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Өмірін өлеңмен өріп, поэзия әлемінде жыр бесігін тербеткен ақын ағамыздың кешіне қатысқан аудан әкімі Д.Шамұратов жүрекжарды лебізін білдіріп, арнайы құттықтауын жеткізді. Бұл туралы аудан әкімдігінің баспасөз қызметі мәлім етті.
Сондай-ақ, кешке ақпарат саласының үздігі, өлкетанушы Өтепберген Әлімгереев, Қазақстан Жазушылар Одағы АОФ директоры, Махамбет сыйлығының иегері, ақын Әлия Даулетбаева және қаламгердің туыстары мен аудан тұрғындары қатысты.
Айта кетейік, Б.Қарашин – философ, лингвист, тарихшы-түркітанушы, мәдениеттанушы, этнограф, жазушы, ақын, киносценарист, әдеби аудармашы, саяси-әлеуметтік процестерді талдаушы. Оның жемісті еңбек етіп келе жатқан саласы, әдеби аударма. Ол орыс тіліне қазақ поэзиясы классиктері мен қазіргі ақындарының 240-тан астам поэтикалық шығармаларын, 40-тан астам көркем және киносценарий туындыларын, қазақ халқының жүздеген мақал-мәтелдері мен нақыл сөздерін аударған.
Кеш соңында ауданымыздың өнерпаздары әннен шашу шашты.