Атыраудың тарихи тұлғалары Бас шаһарда сомдалды

ATPress.kz. 19 шілде. Атыраудың мәдени күндері аясында Астананың қалалық алаңында ауқымды шаралар легі өтті. Соның ішінде Батыс Дешті Қыпшақ даласынан өрбіген тарихи тұлғаларды сомдаған театрландырылған көрініс көптің көңілінен шыққандай.

Көріністі Махамбет атындағы облыстық қазақ драма театрының актерлері ойнады. Алдымен орта ғасырдағы Сарайшықтың гүлденген дәуірі көрсетіліп, қаланы билеген әйгілі жеті хан сайгүлігін ойнақтатып көрермен көзайымына айналды. Содан соң, Сарайшықтағы Секер көлінде орын алған қайғылы жағдай бейнеленді. Яғни, ханның қызы қапыда көлге батып, аққу-көл мұңды көз жасына айналғаны шеберлікпен сомдалды. 

Кейін Дешті Қыпшақ даласында аты аңызға айналған тұлға, құлдықтан сұлтандыққа көтерілген, Мысыр халқын билеген Әз-Заһир Бейбарыс, «қара қазан, сары баланың қамы үшін» атқа қонған, елдік пен ерлікті жырлаған, ел тәуелсіздігінің символы іспетті Исатай мен Махамбет, қазақ халқын сауаттандыруға теңіздей үлес қосқан, Кіші Жүз хандары Жәңгір, Бөкейлер сахнаға шығып, қазақ даласына рухтары қайта оралғандай әсер етті.

Жалпы, театрландырылған көрініс Атыраудың кешегі тарихы мен бүгінгі тарихын сабақтастырып, баба тілегін жас буын үнімен тоғыстырды. Сол себепті, астаналықтар көріністі көз алмай тамашалап, бір сәт тарих толқынына шомылғандай күй кешкені анық.

Сондай-ақ, Бас шаһардағы қалалық алаңда Атыраудағы «Достық» үйінің өнерпаздары да ән мен биден шашу шашты. Тілі басқа болғанымен тілегі бір, жүзі басқа болғанымен жүрегі бір өзге ұлт өкілдері «Қазақстан – достық мекені, ортақ үйіміз» деп тебірене шырқады. Орыс этно-мәдени бірлестігі «Былина», кәріс орталығы «Тхоньил», грузин бірлестігі «Иверия» т.б. этно-мәдени орталықтар ұлттық әндерін орындап, билерін биледі. Ал, «Самульнори» саз-ән ансамблінің орындауындағы музыкалық композиция алаңға жиналғандарды бір серпілтіп тастады. 

Қазақстан Халқы Ассамблеясына арналған «Достық туы» атты концерттен соң, «Бұраң бел» би мерекесі басталды. Мұнайлы өңірден келген «Жем аруы», «Інжу-маржан», «Жайық қызы» секілді 7  хореографиялық ансамбль және 5 этно-мәдени бірлестіктің бишілері сахнада шың-өнердің әсемдігін танытып, ұлттық бидің ұлықтығын көрсетті. Айта кетейік, бұл бағдарламада жалпы саны 25 би орындалды. 

Астаналықтардың көңілінен шыққан шаралардың бірі – «Нарын» халық аспаптар оркестрінің концерттік бағдарламасы. «Бәйтерек» монументі алаңында өткен шараға жиналған халықтың қарасы көп. «Өте керемет өтіп жатыр, маған ұнады. Мұндай концертті біз күнде көре бермейміз. Әлбетте, күй өнері баланың тәрбиесінде үлкен рөл атқарады. Сондықтан, мен бүгін кішкентай қызыммен келдім. Менің байқауымша, Атыраудың концертін шетелдіктер де көп тамашалауда», - дейді Астана қаласының тұрғыны Камшат Әділжан.

Айта кетейік, Атыраудың мәдени күндеріне байланысты бүгінде «Нарын» оркестрінің құрамы кеңейтіліп, 45 адамнан 78-ге жеткен. Жаңа құрам Құрманғазы консерваториясы және Д.Нұрпейісова атындағы Атырау музыка колледжінің студенттерімен толықтырылыпты.  

 

Айдос Қарабала

Фото Әнуар Әбілғазиевтікі