ATPress.kz. 3 маусым. Мемлекеттік сыйлықтың және тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының иегері, Қазақстанның Халық жазушысы Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының «Дала дидары» атты көшпелі өнер ұжымы Атырау қаласына келді.
Шара орталықтың «Қадыр жолымен...» жобасы аясында ұйымдастырылған. Кеш барысында Қадыр Мырза Әлінің сөзіне жазылған «Ақжайық», «Қазақтарды шетелдік қонақтарға таныстыру», «Әже туралы ән», «Тамаша» секілді тағы да басқа әндері шырқалып, өлеңдері оқылды.
Шараға Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев қатысты.
- Шығармашылықта жүрген азаматтар заманынан оза туады дейді. Мойындамай, түсінбей, бірақ өмірден өткеннен кейін, сан жылдардан, ғасырлардан соң ғана жұрт оның не айтқысы келгенін түйсініп жатады. Бірақ Қадыр ағамыз өзін тірі кезінде мойындатқан жан, жазған дүниелері қанша уақыт өтсе де өзектілігін жоғалтпайды, – деді аймақ басшысы.
Сонымен қатар, облыс әкімі жобаны ұйымдастырушы орталық директоры Бауыржан Халиоллаға Қадыр ақынның шығармашылығын насихаттауда атқарып жүрген еңбегі үшін алғыс айтып, мұндай кештерді көптеп өткізу қажеттігін жеткізді.
Осындай кеш кеше Махамбет ауданында да өтті. Шығармашылық ұжым бүгін облыстағы Жылыой ауданына бет түземек.
Мереке Асанова