Атырауда «Көкжалдар» көркем фильмінің премьерасы өтеді

ATPress.kz. 10 қараша. «Көкжалдар» көркем фильмінің премьерасын тамашалағыңыз келсе, бүгін жергілікті уақытпен сағат 15.00-де Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде күтеміз.

Қоюшы режиссер Еркін Рақышев түсірген фильм түркі тектес халықтарға тән «Көкбөріден тараған», «Көкбөрінің ұрпағы» ұғымдарын тереңірек зерттеуге арналған. Аңыз-әңгімелерге сенсек, бағзы бір заманда күллі түркілерге жаудан ойсырай жеңіліп, жойылып кету қаупі төнеді. Сол кезде ұрпақтың жалғасуына қасқырлар себепші болған деген әпсана бар.

Фильм бір аңшының қасқырдың арланын атып алуынан басталады. Тірі қалған екінші қасқыр кек алу мақсатында аңшының үш айлық баласын ұрлап әкетеді. Ғажабы сол, қасқыр сәбиді өлтірмейді. Керісінше, оны асырайды. 

Арада жиырма жыл өтеді. «Ақсу – Жабағылы» қорығының ішінде арландармен бірге, адам тектес мақұлықтың жүргендігі туралы хабар тез тарайды. Оны ұстауға арнайы топ та құрылады. Киноның негізгі сюжетін өзі қасқыр, өзі бала тағы адамды қолға түсіру кезінде орын алған түрлі шытырман оқиғалар құрайды. 

«Басты мақсат – қасқырдың текті мінезін негізге ала отырып, ұлтымыздың бойында жоғалып бара жатқан асыл қасиеттер мен адами құндылықтарды жас ұрпақтың санасына сіңіру», - дейді фильмді түсірушілердің өзі. 

Айта кетелік, идея авторы және бас продюсер Амалбек Тшанов. Сценарийін Рамазан Құрманбаев пен Еркін Рақышев жазған. Фильмге «Таң нұры» шипажайының директоры Нұржігіт Қалмырзаев, «Уақып» қайырымдылық қорының президенті Қайрат Айтбаев демеушілік етіп отыр. Басты рольдерде Жандос Исаев, Ержан Жарылқасынов және Арай Өмірова ойнайды. 

 

Ясмин Әли