Атырауда халықаралық ақындар айтысы өтуде

ATPress.kz. 29 қыркүйек. Атырауда халықаралық ақындар айтысы өтуде. «Қайта жаңғырған Қазақстан» тақырыбындағы сайысқа тек еліміздегі сөз шеберлері ғана емес, Қытай, Моңғолия, Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттерінен келген 20 өнерпаз қатысуда.

Ал айтыс ақындарының өнеріне Асанәлі Әшімов, Несіпбек Айтұлы, Есенғали Раушанов, Мереке Құлкенов, Бауыржан Халиолла, Алтынбек Қоразбаев, Светқали Нұржан сынды елге белгілі азаматтар қазылық етеді. 

Айтысты тамашалауға арнайы келген облыс әкімі Нұрлан Ноғаев, ақындарға сәттілік тіледі. «Бұл айтысты бауырлас азаматтардың арасындағы қарым-қатынасты жандандыра түсетін шара деп ойлаймыз. Атырау жеріне қош келдіңіздер!» - деді аймақ басшысы.

Сондай-ақ, төл өнерге жанашырлық танытып жүрген Жүрсін Ерманға, жергілікті және алыстан келген ақындар мен қазылар алқасына ризашылығын білдірді. Бұл шара Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқанын баяндады.

Халықаралық ақындар айтысының қорытындысы бүгін, яғни 29 қыркүйек күні анықталады. 

 

Айқара Ғұмар

Фото Ерлан Алтыбаевтікі