Атырауда 13 млн теңге ұрлаған есепші ұсталды

Мәдениет үйіндегі есепші 13 миллион теңге қаражатты қалтасына басыпты, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Атырау облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысының орынбасары Рүстем Түсіпбергеннің айтуынша, бірнеше мекемеде жүргізілген жоспардан тыс тексерудің нәтижесінде өрескел қаржылық заң бұзушылық анықталған. Бұл туралы "Қазақпарат" мәлім етті.

«Жылыой ауданында №2 жалпы орта білім беретін мектептің директоры жұмыс істемеген екі адамға үш жылдан бері жалпы сомасы 5 млн теңгеден астам қаржыны жалақыға аударып келген. Осылайша, білім ордасының басшысы еңбек және бюджет кодекстерінің талаптарына қайшы әрекетке барған. Аудит қорытындысымен мақсатсыз жұмсалған қаржы толықтай қайтарылды», - дейді Рүстем Түсіпберген.

Оның айтуынша, қаржыны мақсатсыз жұмсау Құрманғазы ауданындағы Шортанбай ауылдық мәдениет үйінде де анықталып отыр.

«Мәдениет ошағының есепшісі өзінің банктегі карта шотына 13 млн теңгеден астам қаржыны заңсыз аударған. Осы кезге дейін 5 млн 650 мың теңге кері қайтарылды. Есепшіге қатысты сот процесі әлі жалғасып жатыр», - деп мәлім етті Рүстем Түсіпберген.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда жұбайы мен қызына 1,1 млн теңгені заңсыз аударған мәдениет үйінің меңгерушісі сотталғанын хабарлаған болатынбыз. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облыстық департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Жахинның айтуынша, мәдениет үйінің меңгерушісі 3,5 жылға сотталды.

«Жылыой ауданының Қосшағыл ауылындағы мәдениет үйінің меңгерушісі жұбайы мен қызын ресми жұмысқа орналастырған. Сөйтіп, еңбекақы төлеуге бөлінген 1,1 млн теңгеден астам мөлшерде залал келтірді. Жылыой аудандық сотының үкімімен мәдениет үйінің меңгерушісі 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Сотталушының кәмелетке толмаған балаларының болуына байланысты жазасын өтеу 5 жылға кейінге қалдырылды», - деп хабарлады Нұрлан Жахин.