Атақты суретшінің төл туындылары Астанада

ATPress.kz. 17 шілде. Бүгінде атақты суретші Шаймардан Сариевтің төл туындылары Астанада тұр. 1980-87 жылдары аралығында салынған картиналар топтамасы өнердің биік шыңы, қайталанбас құндылығы саналады.

Көрме Елордадағы бұрынғы Конгресс-холл ғимаратында орналасқан. Астанадағы Атыраудың мәдени күндеріне орай ұйымдастырылған шараға Ш. Сариев атындағы өнер музейі 40 жәдігер алып келген. Оның 30-ы қылқалам туындысы, 10-ы қолөнер бұйымы.

Көрмеде суретші Шаймардан Сариевтің 17 туындысынан бөлек, 1967 жылы салынған ең ескі суреттердің бірі - Никель Игорьдің «Жайық үстіндегі көпірі» де орналасқан. Қуғын-cүргін кезінде Атырауға келген азамат аталған картинаны кенеп, майлы бояумен салыпты. (2 сурет) Сондай-ақ, сурет көрмесінде атыраулық қолөнерші Нұрсұлтан Қалиевтің «ЭКСПО» туындысы қойылған. Астанаға тарту ретінде дайындалған дүние облыстық қолөнершілердің байқауында бірінші орынды иеленген. (3 сурет)

Музейдің бөлім меңгерушісі Зәуреш Нұрпейісова, көрмеде суретшілер Жанәбіл Рахметовтің «Атырау өңірі», Айса Отаралиевтің «Исатай мен Махамбеті», Камила Жапалованың «Сарайшық туралы аңызы», қолөнер шебері Кеңес Айыпқалиевтің т.б. небір керемет бұйымдары орналасқанын айтады.

Атыраудың көрмесін көріп, рухани ләззат алуға келгендердің қатары толастар емес. Солардың бірі – астаналық Сабыр Әбдіғали. Жасы сексеннен асқар қария көрмені тамашалауға арнайы келген. «Атырау – тұнып тұрған тарих қой. Бұрын қасиетті өңірден мұншалықты атақты адамдар, суретшілер шыққанын білмейтінбіз. Тіпті, жас кезімде Атырау туралы оқыған да, естіген де жоқпын. Міне, бүгінгі көрмеде тарихи-танымдық бұйымдарды көріп, картиналармен танысып жатырмын. Маған өте қатты ұнады», - дейді зейнеткер. 

Айта кетейік, музей, мұрағат және кітап көрмелерімен 17 шілде  кешке дейін тамашалауға мүмкіндік бар.

 

Айдос Қарабала

Фото Әнуар Әбілғазиевтікі