ATPress.kz. 16 шілде. «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында бір аптаға созылатын кешенді бағдарламада көптеген іс-шаралар өткізу жоспарланған. Солардың ішінде – мұражай және кітап көрмесі, халық аспаптар оркестрлерінің концерті, театр қойылымы секілді іргелі шарал
Мәдениет және өнер апталығының ашылу салтанаты «Айсұлу» сән үйі топтамасының дефиллесімен басталды. Қазіргі заманғы заманауи киім үлгілеріне негізделген 24 костюм көрермен назарына ұсынылды. Айта кеткен жөн, қазақы ою-орнектермен әспеттелген және қолмен моншақ тізбектелген киімдер тек Атырауда ғана тігіледі екен. Сондықтан, мәдениет күндерінің сәнді киім көрсетілімімен ашылуы тегіннен тегін емес. Бұл – Атыраудың атын асқақтатпаса, төмендетпейтіні анық.
Өңірдің концерттік бағдарламасы Астананың төріндегі Конгресс-холл ғимаратының алаңында өтті. Н. Жантөрин атындағы облыстық филармонияның үрлемелі аспаптар оркестрі өнер көрсетіп, кітап және мұражай көрмелері ұйымдастырылды.
Салтанатты шарада кіріспе сөз сөйлеген Атырау облысы әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев, мұндай мәдени бағдарламалардың маңызы зор екеніне тоқталды. «Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласына сәйкес, біздер облыс күнінің ашылу салтанатын елдің тарихынан сыр шертетін көрмемен және Құрманғазы, Дина, Қаршыға секілді күй тарландарының туындыларымен бастауды жөн көріп отырмыз. Жоспар бойынша Атыраудың күндері Елорданың 12 жерінде өтеді. Қорытындысы үлкен ат жарысымен аяқталады», - деді ол.
Содан соң сахнаға көтерілген жазушы, драматург Рахымжан Отарбаев жерлестеріне сәттілік тілеп, барлық қазақстандықтарды Атыраудың мәдени шараларынан рухани азық алуға шақырды. «ЭКСПО бұл қазақтың құлағына ерте бастан сіңіп қалған», - деді Қазақстанға еңбек сіңірген қайраткер. «Өйткені, 1925 жылы Парижде өткен дүниежүзілік көрмеде қазақтан Әміре Қашаубаевтай дүлдүлі қатысып еді ғой. Сөйтіп, кәрі құрлықты бір жаңғыртып қайтқан. Арада 93 жыл өткеннен кейін көрме Астанада өтіп жатыр. Атырау осы халықаралық көрме аясында өтетін мәдениет күндеріне көп дайындалды. Бұл – үлкен той ғой. Әрбір өнер ұжымы алтын балықтың үйіріндей болып келді мұнда. Атырау тек қана байлығымен емес, жердің үстіндегі ұлы перзенттерімен де мақтанатын өлке. Себебі, осы арада Бейбарыстың, Исатай мен Махамбеттің ұрпақтары бар, Құрманғазы мен Динаның ізбасарлары отыр», - деп сөзін қорытындылады.
Мәдени шараны тамашалауға келген халықтың қарасы көп. Солардың қатарында - Атыраудың тумасы, жазушы, журналист, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әнес Сарай да бар. «Жүрегіміз, көңіліміз, жанымыз Атырауда. Атырауды ұмытқан күні бізден аруақ та таяды. Атырауды ұмытқан кезде біздің атақ-абыройымыздың бәрі де аласарып қалады. Мұнда келген өнерпаздардың қай-қайсысы да мықты. Олар бір апта ішінде бас шаһарды ән мен күйге толтыратынына сенемін. Оған таланттары да, қабілеттері де, қасиеттері де жетеді», - деді ол.
Жалпы, Атыраудың мәдени күндері аясында Астанаға келген делегация құрамында 900-ден астам мәдениет саласының қызметкерлері бар. Ерекшелігі сол, бұл кешенді бағдарламаға аудандық өнерпаздар да қатысады. Атырау облысының күндері Елордада 20 шілдеге дейін созылады.
Айдос Қарабала
Фото Әнуар Әбілғазиевтікі