Жеміс-жидек бақтары көбеюде

ATPress.kz. 30 қараша. Ауыл шаруашылығы саласындағы көптеген көрсеткіштердің арасында жеміс-жидек өсірумен айналысушылардың үлесі біртіндеп болса да өсіп келеді. Бұл – әрине, оң құбылыс.

Оған түрткі болған осы салаға үкіметтің тарапынан ерекше назар аударылып, берілетін қолдаудың тиімділігі болса керек. 2015 жылдан бастап Елтай округіндегі «Нұр Сәт» шаруа қожалығы барлық талаптарға сай 5 гектар алма бағын күтіп-баптаумен айналысып келген-ді.

Бүгінде оның қатары Жарсуаттағы «Байбақты» шаруа қожалығы 10 гектар, Көктоғайдағы «Алға-1» ШҚ 3 га, «Шаңырақты» 5 га, Бөденедегі «Төлес» шаруа қожалығы 3 гектар жеміс-жидек шаруашылығымен айналысып, толықтырып отыр.

Ендігі жерде бұл бақтардан жиналған өнімдер сатуға түсіп қоймай, өңделіп, кептіріліп, түрлі шырын, тағы басқа тәттілерге айналса, ол да қосымша табыс пен жұмыс көзі әрі жергілікті арзан да табиғи өнімнің қорын молайта түсері хақ. Бәсеке сонда базардан емес, алқаптан басталады деген сөз.

Жайық өзені бойын жайлаған аудан аумағында 34851 гектар орман қоры жері барын ескерсек, өңірдің жасыл желекті алқабының да көлемі өскені тағы бір жағынан тиімді. Сондықтан  болашақта  осы жағымды үрдіс өз жалғасын таба берсін демекпіз. 

 

С. Бисен,

Индер ауданы