ATPress.kz. 17 қаңтар. Жылыой ауданына қарасты Құлсары қаласында бой көтерген жылыжайдың өндірістік қуаты жылына 1100 тонна көкөніс өнімдерін жинауға мүмкіндік береді.
Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, жаңа нысанда Құлсары қаласының тұрғындары үшін 30 жұмыс орны қарастырылған.
«Біздің басты мақсатымыз – жергілікті өнімдердің халыққа қолжетімділігін қамтамасыз ету», - дейді жоба бастамашысы Әлімжан Байжігітов. Айтуынша, алғашқы өнім бірнеше айдан кейін алына бастайды.
Жалпы аумағы 2 гектарды құрайтын жылыжайдың жұмысын жүргізетін мамандарды Голландияның тәжірибелі агрономдары мен технологтары дайындаған. Заманауи құрылғылармен толық жабдықталған жылыжай тамшылатып суару әдісімен жұмыс істейді.
Бек Әзберген