Өз кәсібіңді қалай бастауға болады?

ATPress.kz, 31 қазан. Өз кәсібіңді қалай бастауға болады? Бос уақытыңда немен айналысқан жөн? Бұл сұрақтардың жауабын атыраулық жастар «Спикер нөмірі жеті» зияткерлік конференциясынан тапты.

Ғылым мен өмір, еңбек пен ізденіс тоғысқан жобаға түрлі салада өз кәсібін дөңгелетіп жүрген азаматтар келіп, жетістікке жету тәжірибесімен бөлісті.

Зураб Бобохидзе – бүгінде атыраудағы танымал кәсіпкер.
- Алғашында кәсіпті етік тігумен бастап, кейін шұжық жасаумен айналыстым. Тәуелсіздік қарсаңындағы жылдар кәсіпкерлер үшін қиын кезең болды. Қиындықтарды өткердік. Менің қазір көліктерге қызмет көрсету орталығым бар. Тәуелсіздік алғалы Елбасы кәсіпкерлерге үлкен қамқорлық көрсетуде. Бүгінде Қазақстанда кәсіпкерлер үшін барлық жағдай жасалып отыр. Тек еңбек пен ізденісті ұштастыра білу керек, - дейді ол.

Ал, SZH.KZ сайтының қалай танымал болғандығы жөнінде баяндаған SZH Media ЖШС-нің директоры Ербол Серікбай SEO саласындағы көп ғылымды аяқтан шалушы бақталастарымның арқасында үйрендім дейді. Жастарға өз тәжірибесімен бөліскен кәсіпкерлердің қатарында Тарас Жалимбетов, Тамила Розметова, Сәуле Кемелова, Михаил Щадилов те болды.

- «Спикер нөмірі жеті» зияткерлік конференциясы Атырауда 4-ші рет ұйымдастырылып отыр. Бұл жетістікке жеткендер тәжірибесімен бөлісуге арналған алаң. Аталмыш жоба желтоқсан айында үлкен көлемде өткізілетін болады. Оған қоғамның өзге бір салаларында жетістіктерге жеткен азаматтарды шақыруды көздеп отырмыз, - дейді жоба ұйымдастырушысы Ануар Жұмабай.
Нұрбейбіт Нұғыманов
Сурет автордікі