Нұрлан Ноғаев итальяндық ENI компаниясының басшылығымен кездесті

ATPress.kz. 7 ақпан. Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Солтүстік Каспий жобасы акционерлерінің бірі - итальяндық ENI компаниясының басшылық құрамымен кездесті.

«Кездесу барысында тараптар Қашаған кен орнын пайдалану, кеніштегі мұнайды өндіруді жақсартуға бағытталған шаралар мәселесін талқылады», - деп хабарлайды Атырау облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі.

«Жақында Астанада Қазақстанның энергетика министрімен кездесіп, Қашаған кен орнында жүргізілетін жұмыстардың жобасын талқыладық. Зауыт жақсы жобаланған, мұнай өндіру белсенді қарқында жүріп жатыр. Қашағанда тәулігіне 300 мың баррель мұнай өндіріледі», - деген ENI компаниясының барлау мен өндіру жөніндегі бас операциялық директоры Антонио Велла газ жағу бойынша мұнда әлемдегі ең озық технология қолданылатынын хабарлады. 

Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев жергілікті атқарушы органдар тарапынан жобаны жүзеге асыруға қажет жағдайдың барлығы жасалатынын жеткізді. «Ең бастысы, кен орнын пайдалану, көмірсутек өндіру кезінде Қазақстан Республикасының табиғат қорғау заңнамасы, жобаның экологиялық тұсы сақталуы тиіс», - деген Нұрлан Ноғаев тауарлар мен қызмет көрсетулердегі жергілікті мазмұнның үлесіне, өндірісте жергілікті мамандардың қызметпен қамтылуына көңіл бөлінуі керектігін атап айтты. 

Айта кетелік, делегация құрамында ENI компаниясының барлау мен өндіру жөніндегі бас операциялық директоры Антонио Велла, атқарушы вице-президент Лука Виньяти, Солтүстік-Каспий жобасы бойынша атқарушы директор Биадже Пиетроруе болды.

 

Бек Әзберген